Сурет: aqorda_resmi
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға Қазақстан басшысымен қатар Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты.
Мемлекет басшылары Ұйым аясындағы ықпалдастықтың негізгі тұстарын талқылап, 2026 жылғы қызметтің қорытындысына баға берді және алдағы кезеңдегі жұмыстың басты бағыттарын белгіледі. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық үшін Владимир Путинге алғыс білдіріп, Ресей тарапының биыл ҰҚШҰ-ға тиімді төрағалық еткенін атап өтті.
Президент халықаралық терроризмге қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл және жасанды интеллект технологиясының ықпалы күшейіп келе жатқанын ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту жолында күш-жігерді жұмылдыру қажеттігіне назар аударды.
Сөз соңында Қазақстан басшысы ҰҚШҰ-ға төрағалыққа кірісетін Тәжікстан көшбасшысы Эмомали Рахмонды құттықтап, жауапты миссияда сәттілік тіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Бірлескен мәлімдемесі қабылданып, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуды көздейтін бірқатар құжатқа қол қойылды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысу үшін Мәскеуге барды. Мемлекет басшысын әуежайдан Ресей Үкіметінің ресми тұлғалары қарсы алды.
Мазмұнға өту
