Қоғам

«Келешек» бағдарламасы бойынша екі жылда 240 мыңнан астам шот ашылды

Сурет: Ерлан Омар, EQ

Соңғы екі жылда ата-аналар балаларының болашағына қаражат жинау мақсатында 240 мыңнан астам шот ашқан. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің сөзінше, жоғары білім алуға мүмкіндік беретін қолданыстағы бағдарламалардың қатарында «Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» жобалары бар. Олардан бөлек, сараланған гранттар мен пайызсыз кредиттер де қарастырылған.

«Гранттардан бөлек соңғы екі жылда қосымша төрт қолдау тетігін іске қостық. «Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» бағдарламалары толыққанды жұмыс істей бастады. Соңғы екі жылда ата-аналар 240 мыңнан астам шот ашты. Бұдан бөлек, сараланған гранттар мен пайызсыз кредиттер қарастырылған. Бұл тетік те пилоттық режимде сынақтан өтіп, іске қосылды», деді Саясат Нұрбек.

Сонымен қатар министр соңғы 7 жылдың ішінде 755 мыңнан астам мемлекеттік тапсырыс аясында гранттар берілгенін атап өтті. Саясат Нұрбектің айтуынша, осы бағытта 1,5 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі докторанттардың шәкіртақысын 2029 жылға дейін 500 мың теңгеге жеткізу жоспарланып отырғанын айтқан болатын.

Көп оқылғандар