Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев «PARAQTA» онлайн кітапханасының негізін қалаушылар Керім Аянқызы мен Ердәулет Құралмен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде кітап оқуды насихаттау, платформаның кітап қорын толықтыру және жастарды әдебиетке тарту мәселелері қаралды. Бұл туралы жоба жетекшілері әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Менің «PARAQTA» онлайн кітапхана платформасы туралы жазбаларды Мәдениет және ақпарат министрі Арман Оразбайұлы Қырықбаев көріп, әпкем Керім Аянқызы екеуімізді кездесуге шақырды.
Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Жоба жетекшілері министрліктің үйлестіруімен өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелеріне ерекше тоқталды: reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам қатысушы тіркеліп, 842 мыңнан астам кітап оқылған, 50 мыңнан астам бейнепікір жарияланған.
Арман Қырықбаев PARAQTA қосымшасының жұмысымен танысып, оқырмандардың белсенділігіне қызығушылық білдірді және жастарды кітап оқуға көбірек тарту үшін қандай қолдау қажет екенін сұрады.
PARAQTA — қазақстандық платформа, мұнда қағаз кітап оқу да есепке алынады. Бүгінге дейін платформаға 15 186 оқырман тіркеліп, 1,2 миллион бет оқылған, 10 738 кітап оқылып аяқталған. Платформа аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.
Жобаның жұмыс істеп келе жатқанына 1 жыл 2 ай болды. Алты ай бұрын сайт іске қосылса, екі апта бұрын мобильді қосымша App Store дүкенінде қолжетімді болды.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, басты қажеттіліктердің бірі — кітап қорын толықтыру. Платформада авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық кітап тегін ұсынылады. Оқырмандар қосымшаның өзінде оқуға болатын кітаптар көбейсе деген тілектерін жиі білдіреді.
Министрлік кітап қорын заңды негізде толықтыруға қолдау көрсетуге уәде берді. Сондай-ақ офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шаралар өткізуге арналған алаң қарастыру мәселесі талқыланды.
Жоба жетекшілері министр Арман Қырықбаевқа және министрліктің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Амангелдіқызы Құрмановаға жылы қабылдағаны, бастамаға қызығушылық танытқаны және қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
Айта кету керек, Арман Қырықбаев жастармен және креативті сала өкілдерімен кездесіп, Президент Жолдауында айқындалған міндеттер мен мемлекеттік қолдау шараларын талқылап жүр. Олардың қатарында жас кәсіпкерлер, дизайнерлер, қаламгерлер, музыканттар, режиссерлер, продюсерлер, блогерлер, журналистер, ғалымдар мен спортшылар бар.
Естеріңізге салайық, Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр.
Мазмұнға өту
