Қоғам

Тоғыз қалада eGov GPT көмекшісі бар цифрлық кеңселер ашылды

Сурет: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қазақстанның тоғыз қаласында азаматтар мемлекеттік қызметтерді жасанды интеллект арқылы өз бетінше ала алатын цифрлық кеңселер жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа форматтағы орталықтар Астана, Шымкент, Түркістан, Жезқазған, Сәтбаев, Орал, Петропавл, Қарағанды және Тараз қалаларында ашылған. Мұнда азаматтар қажетті қызметті арнайы терминалдар мен мемлекеттік цифрлық сервистерге қосылған жұмыс орындары арқылы рәсімдей алады. Негізгі құрал – eGov GPT интеллектуалды көмекшісі, ол диалог форматында қажетті қызметті анықтап, рәсімдеу процесін жеңілдетеді.

Жаңа кеңістіктер үш аймаққа бөлінген: 70 пайызы жедел қызмет көрсетуге, 20 пайызы консультанттардың көмегіне, ал 10 пайызы цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған оқу аймағына берілген.

Өзіне-өзі қызмет көрсету форматына көшу мамандардың көмегінен бас тартуды білдірмейді. Әр кеңседе консультанттар жұмыс істейді, келушілерге арналған күту аймағы да қарастырылған. Сонымен қатар дайын құжаттарды постамат арқылы тәулік бойы алуға мүмкіндік беретін аймақты іске қосу жоспарланып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, цифрлық кеңселер – мемлекеттік қызметтердің жасанды интеллект негізінде құрылған бірыңғай экожүйесінің бір бөлігі. Алдағы уақытта мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылмақ.

«Мемлекет басшысы электрондық үкіметке жасанды интеллектіні енгізу және мемлекеттік сервистердің тиімділігін арттыру міндетін қойды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Қызметтер әрбір азамат үшін барынша қарапайым, жылдам әрі ыңғайлы бола түсті. Сонымен қатар дербес деректерді қорғау біз үшін сөзсіз басымдық болып қала береді», деді министр.

Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматта қолжетімді. Елімізде денсаулық жағдайына байланысты ХҚО-ға бара алмайтын азаматтар мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алады. Енді «Азаматтарға арналған үкімет» маманы көрсетілген мекенжайға барып, қажетті қызметтерді рәсімдеуге көмектеседі.

Көп оқылғандар