Сурет: Egemen Qazaqstan
Жетісай қаласының 32 жастағы тұрғыны TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирде балағат сөздер айтқаны үшін 86 мың теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Полиция қызметкерлері әйелдің бейәдеп сөздерді көпшілік алдында қолданғанын анықтады. Ол моншада пилинг жасау қызметімен айналысады.
«Моншада пилинг жасау қызметімен айналысатын әйел полиция бөліміне жеткізілді. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, қоғамдық тәртіп пен әдеп нормаларын сақтау қажеттігі түсіндірілді», делінген Polisia.kz хабарламасында.
Бұған дейін әйел ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқықбұзушылықтың қайталануына байланысты іс сотқа жолданды.
Сот қаулысымен оған 86 мың теңге айыппұл салынды. Полиция көпшілік алдында әдеп нормаларын бұзғаны үшін заңда жауапкершілік көзделгенін еске салады.
Сондай-ақ интернет кеңістігін мониторингілеу барысында Талдықорғанның 35 жастағы тұрғыны Анеля Ерменбетованың тікелей эфирде алкогольдік ішімдік ішіп, бейәдеп сөздер айтқаны, ал Семейдің 34 жастағы тұрғыны Сәуле Мұрзағалиеваның балаларының көзінше балағат сөздер айтқаны анықталған.
Мазмұнға өту
