Сурет: Жайық Пресс
Теректі ауданында картоп жинау аяқталуға жақын. Өнім өткен жылғыдан жоғары болады деп күтілуде. Аграршылар үшін қазір тек өнім жинау ғана емес, оны келесі маусымға дейін сақтау да маңызды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ерте және кеш пісетін картопты көп көлемде өсіретін бір шаруашылық биыл осы дақылға 237 гектар суармалы жер бөлді. Кеш пісетін сорт қазір жиналуда – ол жақсы сақталуымен бағаланады: дұрыс сақтағанда жаңа өнімге дейін сапасын жоғалтпайды. Орта есеппен әр гектардан 30 тоннаға дейін алу жоспарлануда. Өткен жылы шаруашылық 5,5 мың тоннаға жуық картоп жинаған, ал биыл бұл көрсеткішті арттыруды көздеп отыр.
– Біз «Aqjaiyq» СПК-мен келісімшарт жасасқанбыз. Әлеуметтік картопты сонда жөнелтеміз. Өнімімізді көршілес Атырау, Ақтөбе, Ақтау облыстары да алады. Кейде оңтүстікке де жіберіледі, – дейді «West Agro Food» ЖШС атқарушы директоры Азамат Елекбаев.
Картоп даладан сұрыптауға түседі. Мұнда ол ірі және ұсақ фракцияларға бөлінеді. Көптеген операцияларды арнайы желі атқарады, ол көкөністерді қабылдап, іріктеп, сұрыптайды, содан кейін қаптап, көліктерге тиейді. Қазір егістіктер мен сұрыптауда 60-қа дейін жұмысшы, 10-ға жуық техника бірлігі жұмылдырылған. Осы кезеңде жұмыс күнін ұзартуға тура келеді.
– Әдетте таңғы сегізден кешкі алтыға дейін жұмыс істейміз. Бірақ қазір жаңбыр кедергі келтіріп, түнге дейін – сағат 10-11-ге дейін қаламыз. Картопты сорттарға бөлеміз. Сақтауға кететінін бөлек қоямыз. Мен осында әр маусымда, төртінші жыл жұмыс істеп жүрмін, – дейді жұмысшы Ермахан Нұржігіт.
Шаруашылық үшін өсірілген өнімді қайда сақтау мәселесі маңызды. Өнім көлемі артқан сайын қуаттылықты да ұлғайту қажет. Өткен жылы мұнда сыйымдылығы 3,5 мың тонна болатын көкөніс қоймасы іске қосылды. Қазір тағы бір нысанның құрылысы аяқталуда. Ол іске қосылған соң шаруашылық бір уақытта 7 мың тоннаға дейін өнім сақтай алады. Бұнымен тоқтап қалмақ емес. Келесі қадам – картопты қайта өңдеу. Жоспарда фри картоп өндіру, сондай-ақ дүкендерге жеткізу үшін көкөністерді жуу, қосымша сұрыптау және қаптау бар. Техника паркін жаңартуға және өндірісті дамытуға мемлекеттік бағдарламалар көмектеседі. Ауылшаруашылық техникасының бір бөлігі «КазАгроФинанс» арқылы лизингке алынады.
Айта кету керек, картоп өсіру бүкіл Теректі ауданында дамып келеді. Биыл бұл дақылмен мұнда 400 гектарға жуық жер алынған. Оны 16 шаруа қожалығы өсіреді. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда ауданда 1,5 мың тоннаға жуық картоп жиналған. Орташа өнімділік гектарына 228,7 центнерді құрайды.
– Біз шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіруді жоспарлап отырмыз. Бұл көкөніс өнімдерін тиімді өткізуге және оны қайта өңдеуді жолға қоюға мүмкіндік береді, – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қадыр Разиев.
