Сурет: Жайық Пресс
Теректі ауданында, Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай маңында азаматтық қорғаныс нысандарының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімі Нариман Түреғалиев құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Жалпы құны 2,3 млрд теңге болатын жоба аясында 3,4 гектар аумақта әуе техникасына арналған универсалды ангар мен өрт сөндіру депосы салынуда. Ангар Ми-8 тікұшағын орналастыруға арналған. Мұнда әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету аймағы, сондай-ақ кезекші экипаж үшін тұрмыстық және қызметтік үй-жайлар жабдықталады. Өрт сөндіру депосы бес бірлік арнайы техникаға есептелген. Сонымен қатар, кешен аумағында құтқарушылардың кәсіби дайындығын жетілдіруге арналған жаттығу алаңдары қарастырылған.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 25 пайызға орындалды. Қажетті инженерлік инфрақұрылым – сумен жабдықтау, газ және электрмен жабдықтау толығымен тартылған. Қазіргі уақытта металл конструкцияларын монтаждау және резервуарларды гидрооқшаулау жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың тамыз айында басталған құрылысты 2027 жылдың сәуірінде аяқтау жоспарлануда.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіруге және құтқару қызметтерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл кешен өңірдегі төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге және шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл нысандар сапалы салынып, белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс, – деді Нариман Түреғалиев.
Соңғы үш жылда облыстық әкімдік желісі бойынша жергілікті бюджеттен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сала мамандарының еңбек жағдайларын жақсартуға 4 млрд 530 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Осы кезеңде 43 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. Сондай-ақ «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында 19 өрт посты ашылды. Жыл соңына дейін тағы жетеуін пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ Шыңғырлау ауданында құны 400 млн теңге болатын өрт сөндіру депосы пайдалануға беріледі.
Мазмұнға өту
