Сурет: gov.kz
Тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) өтініш қабылдау 25 шілдеде басталып, 5 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Өтінішті app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Тестілеу 10-15 тамыз аралығында өтеді.
Тамыз ҰБТ-сы ақылы негізде оқуға түсу үшін тестілеуді қайта тапсыруға ниетті талапкерлерге арналған. Алдыңғы ҰБТ-ларда шекті балл жинай алмағандар қайта сынақтан өте алады. Сондай-ақ алдыңғы тестілеуге қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын өзгертуге құқылы.
Өтініш беру кезінде тестіленушілер ҰБТ өтетін орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тамыз ҰБТ-сына биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар, шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық бағдарламалардан басқа даярлау бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, басқа бағдарламалардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ алдыңғы оқу жылында шекті балл жинамаған және ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған тұлғалар қатыса алады.
Өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижелері бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
Мазмұнға өту
