Сурет: ашық дереккөз
Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап шыны бөтелкедегі сыра мен сыра сусындарына міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Осы күннен кейін өндірілген немесе елге импортталған әрбір өнімде арнайы Data Matrix коды болуы тиіс, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 13 тамызда сыра өнімдерін цифрлық таңбалаудың кезекті кезеңі басталатынын мәлімдеді. Жаңа жүйе өнімнің қозғалысын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап дүкендегі сатылымға дейін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл сыра нарығының ашықтығын арттырып, өнімнің қайдан келгенін қадағалауға жол ашады.
Сыраны цифрлық таңбалау бірнеше кезеңге бөлінген:
- 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап – кегтегі өнімдерге;
- 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап – шыны бөтелкедегі сыра мен сыра сусындарына;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – темір банкідегі өнімдерге.
Осы кезеңдердің барлығы аяқталғаннан кейін сыра өнімдерінің айналымын толық бақылау жоспарланып отыр. Өндірушілер мен сатушылар Цифрлық таңбалау және тауарларды қадағалау жүйесіне тіркелуі қажет. Ол үшін tanba.markirovka.kz порталы пайдаланылады.
Сондай-ақ компаниялар жүйеде тауар карточкаларын тіркеп, таңбалау кодтарын алдын ала алуы керек. Қазірдің өзінде жүйеде 16 392-ден астам тауар айналымына қатысушы тіркелген.
Міндетті таңбалау енгізілгенге дейін өндірілген өнімдерге арнайы тәртіп қарастырылған. Таңбаланбаған сыраның қалдықтарын белгіленген тізімге сәйкес бір күнтізбелік жыл ішінде сатуға рұқсат етіледі. Осылайша, 1 қыркүйектен кейін өндірілген немесе Қазақстанға импортталған шыны бөтелкедегі сыра Data Matrix кодымен таңбалануға тиіс. Ал темір банкідегі сыраға мұндай талап 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.
Мазмұнға өту
