Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы ақпарат бергені үшін сыйақы төлеу тәртібі жаңартылды. Енді тиісті мәлімет ұсынған азаматтарға 17,3 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы берілуі мүмкін. Жаңа ережелер 22 тамыздан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2026 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен енгізілді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат берген адам 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы ала алады. Сыйақы мөлшері параның немесе мемлекетке келтірілген залалдың сомасына байланысты анықталады.
Ал сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауға міндетті мемлекеттік қызметшілерге ақшалай сыйақы төленбейді. Олар үшін ынталандыру шарасы ретінде грамота немесе алғыс қарастырылған.
Азаматтың өтінішінен кейін уәкілетті орган тиісті материалдарды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жібереді. Сыйақы беру туралы шешімді кемінде бес адамнан тұратын арнайы комиссия қабылдайды.
Сыйақы тағайындау туралы бұйрық шыққаннан кейін қаражат бір ай ішінде аударылады. Сыйақының нақты мөлшері алдын ала белгіленбейді. Ол белгіленген нормативтерге сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығының мән-жайы, пара немесе мемлекетке келтірілген залал сомасы ескеріле отырып айқындалады.
Мазмұнға өту
