Сурет: Экономика министрлігі
S&P Global Ratings халықаралық агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтерді, болжам «Тұрақты». Бұл деңгейге ел 2016 жылдан бері алғаш рет қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Рейтингтің көтерілуі ел экономикасының орнықты даму перспективаларын, әртараптандыру үдерісінің жалғасуын және сыртқы әрі фискалдық буферлердің айтарлықтай жинақталғанын көрсетеді.
Агенттік бағалауынша, Қазақстан экономикасы сыртқы қатерлер мен әлемдік тауар нарығындағы баға құбылмалылығына төтеп беріп, орта мерзімді кезеңде өсімді жалғастырады. 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі 5,1 пайызды құрайды деп күтілуде.
S&P экономиканы әртараптандыруға бағытталған ірі инвестициялық бағдарламалардың рөлін атап өтті. Шикізат өңдеу мен инфрақұрылымды дамыту жобаларын қаржыландыру, оның ішінде «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ арқылы, инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, бюджет шығыстарының қалыпты өсуі мен салық базасын кеңейту шаралары бюджет тапшылығын қысқартуға ықпал етеді. Қазақстанның валюталық активтері сыртқы борыштан асып түсетіндіктен, ел сыртқы кредитор ретінде мықты позициясын сақтайды.
Агенттік банк секторының макроэкономикалық күйзелістерге төзімділігін де атап өтті. Реттеу мен қадағалау саясатының жетілдірілуі банк секторының тұрақтылығын арттырып, активтер сапасына қатысты жүйелік тәуекелдерді азайтты. Бұған дейін елдің рейтингі «BBB-» деңгейінде еді.
Мазмұнға өту
