Сурет: Gov.kz
Президент Әкімшілігі мен қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Сапар Сатаев Теміртау қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа басшыны қала активіне таныстырып, оның алдына негізгі міндеттерді қойды. Ол Сапар Сатаевтың мемлекеттік басқаруда тәжірибесі мол екенін, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін жақсы білетінін және қажетті кәсіби біліктілігі бар екенін атап өтті. Бөлекпаевтың айтуынша, Сатаев Балқаш қаласындағы қызметі кезінде ірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен тиімді әріптестік орнатқан, бұл тәжірибе Теміртаудағы металлургиялық кәсіпорынмен ынтымақтастықты дамытуға серпін береді.
«Сапар Сатаевтың мемлекеттік басқару жүйесінде тәжірибесі мол. Ол әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін жақсы біледі әрі қажетті кәсіби біліктілікке ие. Сонымен қатар Балқаш қаласындағы қызметі барысында ірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен тиімді әріптестік орната білді. Бұл тәжірибе Теміртауда да қала құраушы металлургиялық кәсіпорынмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін береді деп сенемін. Оның басшылығымен жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, жолдарды жөндеу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігі едәуір артып, көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарды. Сапар Қайыркенұлы, сіздің басты міндетіңіз – теміртаулықтардың өмір сүру сапасын арттыру, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру, сондай-ақ қаланың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету», деді облыс әкімі.
Сапар Сатаев еңбек жолын 2002 жылы «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында бастаған. Кейін «Ботақара су қожалығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында директордың орынбасары және директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істеді. 2023 жылдың мамырынан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Балқаш қаласының әкімі қызметін атқарды.
Өз кезегінде Сапар Сатаев Теміртаудың тыныс-тіршілігін жақсы білетінін, қандай мәселелер ерекше назар аударуды қажет ететінін және тұрғындардың қандай шешімдерді күтіп отырғанын атап өтті.
«Теміртау қашанда адал еңбек, жауапкершілік пен нақты нәтижені бағалайтын қала. Менің жұмысым да дәл осы қағидаттарға негізделетін болады», деп атап өтті Сапар Сатаев.
Мазмұнға өту
