Басты тақырып

Журналист Ғалым Сүлейменов өмірден өтті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақ журналистикасына өзіндік із қалдырған спорт журналисі Ғалым Қамашұлы Сүлейменов дүниеден өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ғалым Сүлейменов 1975 жылы 28 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы «Өркен-Горизонт» газетінде бастап, 1996–2004 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде спорт шолушысы болып қызмет атқарды. 2004 жылы «Sports&kz» газетінің бас редакторы болып тағайындалды.

Сонымен қатар «Айқын» республикалық газетінде спорт шолушысы ретінде еңбек етіп, «Берен» спорт журналының жұмысына атсалысты.

2010 жылы Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының баспасөз хатшысы қызметіне орналасты. Соңғы уақытта «Egemen Qazaqstan» газетінде журналистік қызметін жалғастыра жүріп, YouTube желсінде «Берен/Beren live» каналын жүргізді. Ол сондай-ақ қазақ телевизиясында көптеген спорт жарыстарын жүргізіп, комментатор болды.

Ғалым Қамашұлы — Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының стипендианты, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты.

«Қазақ газеттері» ЖШС әріптесіміздің туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын.

Көп оқылғандар