Қаржы

Республикалық бюджетке 730 млрд теңге салық түспеген

Сурет: Ерлан Омар/egemen.kz

2025 жылы республикалық бюджетке салықтық түсімдердің 730 миллиард теңгесі (4,8%) толық түспеген. Бұл Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит қорытындысында айтылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Аудиторлардың анықтауынша, мұндай кемшілікке салық бойынша болжамның 1,3 триллион теңгеге артық жоспарлануы себеп болған. Соңғы төрт жылда салық төлеушілермен арадағы даулы істердің жартысынан астамы мемлекет пайдасына шешілмеген. Бұған салық заңнамасын бұзу және тексеру актілерін жасау кезіндегі рәсімдік қателіктер түрткі болған.

Кедендік бақылау мәселесіне қатысты аудиторлар тауарларды әкелу кезінде жеңілдіктердің заңсыз берілуіне назар аударды. Электр көліктеріне ғана арналған жеңілдіктерді гибридті автокөліктерді әкелу кезінде де қолдану фактілері анықталды. Соның салдарынан бюджетке 70 млн теңге көлемінде қаражат толық түспеген.

Аудиторлар сыртқы экономикалық қызметтің 34 қатысушысы тауарларды импорттау кезінде есепке жатқызу әдісімен төленетін ҚҚС-ты заңсыз төлегенін анықтады. Нәтижесінде импортқа салынатын ҚҚС бойынша бюджетке 670 млн теңгеден астам қаражат түспеген.

Былтыр республикалық бюджеттің кірістері 21,4 трлн теңгені құрады. Тексеру барысында кедендік рәсімдерді жеңілдету құқығына ие уәкілетті экономикалық оператор компаниялардың қызметіне бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмейтіні атап өтілді. Кейбір уәкілетті экономикалық операторлар қызметін тоқтатуға негіз болғанына қарамастан жеңілдіктерді пайдалануды жалғастырған. Аудит аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау жүйесінің салық түсімдерін арттырудағы әлеуеті әзірге толық пайдаланылмай отырғанын көрсетті.

Аудиторлар Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер есебін жүргізу, мониторинг жасау және сапасын бақылау жұмыстарын жетілдіруі қажет деген қорытындыға келді. Жоғары аудиторлық палата анықталған мәселелер бойынша тапсырмалар мен ұсынымдар әзірледі. Тиісті нұсқамалар міндетті түрде орындау үшін аудит объектілеріне жолданды және бақылауда болады.

Көп оқылғандар