Әлем

Қытайда 110 гуманоид робот синхронды билеп, Гиннесс рекордын жаңартты

Сурет: globaltimes

Қытайдың Цзинань қаласында 110 гуманоидты робот бір мезгілде би билеп, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

24 қазанда өткен қойылымда роботтар секіріп, сальто жасап, күрделі топтық қимылдарды орындады. Expedition A3 роботтарының қозғалысын LinkBots басқару платформасы мен UWB позициялау жүйесі үйлестірді. Бұл технология роботтардың қозғалысын бірнеше сантиметрге дейінгі дәлдікпен үйлестіруге мүмкіндік береді.

Өндіруші компания бұған дейін де Гиннесс рекордын тіркеген: алдыңғы буындағы AgiBot A2 гуманоид роботы 106 шақырым жол жүріп, рекордтар кітабына енген болатын.

Шоу мен түрлі іс-шараларға арналған Expedition A3 моделі бұл жолы күрделі қимылдарды топпен үйлесімді орындауға қабілетті екенін дәлелдеді.

Бұған дейін Қытайдың UBTECH Robotics компаниясы гуманоид роботтарды басқа роботтардың көмегімен шығаратын өндірісті іске қосқаны хабарланған.

Көп оқылғандар