Сурет: primeminister.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов Қытайға жұмыс сапарымен барып, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тараптар жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың орындалу барысын, сауда мен инвестицияны дамыту, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және басқа салалардағы ынтымақтастықты талқылады. Олжас Бектенов Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне өткенін, референдумда қабылданған Конституциялық өзгерістер инвесторлардың құқығын қорғау мен заң үстемдігін күшейтетінін айтты.
«Қазақстан мен Қытайды өзара құрмет пен қолдауға негізделген достық пен ынтымақтастық байланыстырады. Екіжақты қатынастар мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында дамып, жаңа «алтын отызжылдыққа» аяқ басты. Президенттер Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы сенімді диалог – серіктестіктің үлгілі моделі», – деді Олжас Бектенов.
Ли Цян стратегиялық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап, екіжақты қатынастарды нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік өзара қолдау мен тату көршілік үлгісіне айналғанын, екі ел сенімді серіктес ретінде ортақ даму үшін бірлесіп жұмыс істеуі керектігін айтты.
Қытай – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 2025 жылы өзара сауда көлемі $48 млрд-тан асып, Қытайдан тартылған тікелей инвестиция 2,8 млрд долларды құрады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 36%-ға өсіп, 1,9 млрд доллардан асты. Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық тасымалында шешуші рөл атқарады: жүк ағынының 85%-дан астамы республика аумағы арқылы өтеді. Теміржол тасымалы 11%-ға артып, 35,6 млн тоннаға жетті.
Далянь қаласында Олжас Бектенов «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арналған сессияға қатысты. Ол Қазақстан 1,7 млрд тұтынушысы бар нарыққа қолжетімділікті қамтамасыз ететінін, соңғы 7 жылда көлік-транзит инфрақұрылымына 35 млрд доллардан астам қаржы жұмсалғанын айтты. Ірі жобалар – Ақтаудағы контейнерлік хаб, Сиань құрғақ порты, «Достық – Мойынты» теміржолының екінші жолдары іске асырылды.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы өзара байланыстардың кеңеюі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын көрсетті. Қазақстан мен Қытай – осының жарқын мысалы. Жібек жолы ашықтық, сенім және бірлескен күш-жігердің арқасында өркендеп келеді. Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі әрі өңірлерді байланыстыратын көпір ретінде өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға ашық», – деді Олжас Бектенов.
Сессияға бірқатар елдің үкімет басшылары, сарапшылар мен ғалымдар қатысты. «Бір белдеу, бір жолды» одан әрі ілгерілету, оның экономикалық дамуға әсері, сауда бағыттары мен жеткізу тізбектерін қайта құру, цифрлық инфрақұрылым және бастаманың 2040 жылға дейінгі келешегі талқыланды.

