Сурет: istockphoto.com
Қырғызстанда 14 жасқа дейінгі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналар жұмыстан бір сағат ерте қайта алатын болады. Бұл туралы тиісті өзгерістер Еңбек кодексіне енгізілетін заң жобасы түрінде қоғамдық талқылауға шығарылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бастама баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ата-аналарға ғана емес, сондай-ақ асырап алушылар мен қамқоршыларға да қатысты. Жеңілдікті алу үшін қызметкер жұмыс берушіге өтініш жазуы қажет.
Бұл ретте қызметкердің жалақысы мен сыйақысы толық көлемде сақталады. Жұмыс беруші босатылған уақытты кейін өтеуді немесе оның орнына ақшалай өтемақы төлеуді талап ете алмайды. Бір сағаттық жеңілдік жұмыс кестесіне және отбасындағы бала санына қарамастан беріледі.
Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, бұл шара әсіресе көлік кептелісі жиі болатын ірі қалаларда тұратын ата-аналарға қолдау болады. Себебі жұмысқа кешірек келу немесе ертерек қайту балаларды мектепке, балабақшаға апарып-алып келуді жеңілдетеді.
Жеңілдік бала 14 жасқа толғанға дейін қолданылады. Заң қабылданса, ресми жарияланған күннен бастап үш ай өткен соң күшіне енеді.
Бұған дейін Қырғызстан парламентінің депутаты Нұрбек Сыдығалиев ел астанасын Бішкектен Ош қаласына көшіруді ұсынғаны еске сала кетіледі.
Мазмұнға өту
