Әлем

Қырғызстанда хиджабты ұлттық киім ретінде тану ұсынылуы мүмкін

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қырғызстанда жазғы парламенттік демалыс аяқталған соң хиджабты қырғыздың ұлттық әйелдер киімінің бір бөлігі ретінде тану туралы бастама қаралуы ықтимал, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл бастама қырғыз халқында тарихи тұрғыдан әйелдердің басына орамал мен ұлттық бас киім тағу дәстүрі болғанымен байланысты. Сарапшылардың пікірінше, олардың кейбірі сыртқы келбеті жағынан хиджабқа ұқсас.

Қырғызстанда діни киім мәселесі соңғы бірнеше жылдан бері қоғамда қызу талқыланып келеді. Бұған дейін депутаттар мемлекеттік мекемелер мен білім беру ұйымдарындағы киім үлгісіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ ұлттық дәстүрді сақтау мәселелерін бірнеше рет көтерген.

Әзірге бұл бастамаға қатысты Жогорку Кенештің тиісті комитеттері мен Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түсініктеме берген жоқ.

Еске салайық, Қырғызстанда 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салынған. Бұл талап бетті толық жабатын никабқа қатысты қолданылады. Заңды бұзғандарға 20 мың сом көлемінде айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар ел билігі бұл шектеулердің хиджабқа қатысы жоқ екенін, өйткені ол адамның жүзін жаппайтынын және жеке басын анықтауға кедергі келтірмейтінін бірнеше рет мәлімдеген. Бұл ұстанымды Қырғызстан мұсылмандарының Ғұламалар кеңесі де қолдаған.

Көп оқылғандар