Сурет: KaktusMedia агенттігі
Қырғызстан мен Қытай мәңгілік достық келісіміне қол қойып, шекарада көпір салуға келісті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бішкекте Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Тараптар екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси сенімді нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолын салу және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар Мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге, жаңа дәуірдегі жан-жақты стратегиялық серіктестікті сапалы дамыту жөніндегі бірлескен декларацияға және басқа да құжаттарға қол қойды. Сонымен қатар, қырғыз-қытай шекарасындағы «Бедел» бекеті маңындағы Үзеңгі-Қуш өзені арқылы автомобиль көпірін салу туралы келісім жасалды.
Кездесуде «Бедел» бекетін дамытуға және Барскоон – Бедел тасжолын салуға ерекше мән берілді. Бұл тасжолдың жалпы ұзындығы шамамен 150 шақырымды құрайды. Құрылыс былтыр 26 тамызда басталып, 2030 жылы толық пайдалануға берілмек.
Қазіргі уақытта Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысы өтіп жатыр. Оның аясында «ШЫҰ+» форматындағы кездесулер жоспарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиынға дейін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты.
