Сурет: Ашық дереккөз
Жазғы ыстықта қымыз бен шұбатқа сұраныс артады. Өткен жылы екі сусынның да өндірісі өскен еді, бірақ биыл шұбат өндірісі азайып, қымыз өндірісі артып, бағасы көтерілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда 683 тонна қымыз өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 47,2%-ға көп. Ал шұбат өндірісі 12,9%-ға азайып, 432 тоннаны құрады.
Биыл қымыз бағасы ай сайын өсіп отыр: қаңтарда – 2,1%, ақпанда – 2%, наурызда – 1,2%, сәуір мен мамырда – 1,3%, маусымда – 0,3%.
Ranking.kz мәліметінше, маусымда қымыз бір жылмен салыстырғанда 14,2%-ға қымбаттады. Былтыр бұл көрсеткіш 8,5% болған. Бұл – 2023 жылдан бергі маусым айындағы ең жоғары өсім. Ол кезде қымыз бағасы 19,5%-ға көтерілген еді.
«Өңірлер бойынша ең жоғары баға өсімі Ақмола облысында тіркелді – 30,5%. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы (27,4%), Жетісу облысы (24,2%), Қостанай облысы (20,2%) және Маңғыстау облысы (16,6%) орналасқан. Бағаның ең төмен өсімі Қарағанды және Абай облыстарында (әрқайсысында 6,3%), Түркістан облысында (6,5%) және Шығыс Қазақстан облысында (9,1%) тіркелді», делінген хабарламада.
Айта кетейік, Астанадағы «Қазанат» ипподромында ұлттық мәдениет пен дәстүрлі тағамдарды насихаттауға арналған BaiQymyz-2026 гастрофестивалі өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейден келген 59 қымыз өндіруші қонақтарға 56 тонна қымыз ұсынылды.
Мазмұнға өту
