Сурет: ашық дереккөзден
Қазақстанда QR-төлемдер, телефон нөмірі бойынша аударымдар және цифрлық теңге сияқты қолма-қол ақшасыз төлемдерге салықтық жеңілдік беру мүмкіндігі талқылануда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мәселе Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңес отырысында көтерілді.
Қазіргі уақытта төлем карталары арқылы жасалатын операцияларға ҚҚС бойынша жеңілдік қарастырылған. Қаржы реттеушілері бұл жеңілдікті QR-төлемдер, мобильді аударымдар және басқа да қолма-қол ақшасыз төлем түрлеріне кеңейтуді ұсынып отыр.
Ұсыныстың себебі – төлем әдістерінің өзгеруі және цифрлық төлемдердің кең таралуы. Жиында қазіргі салықтық жеңілдіктер төлем карталары кең қолданылған кезде енгізілгені, ал бүгінде нарықта жаңа құралдар пайда болғандықтан, салықтық талаптарды қайта қарау қажеттігі айтылды.
Серік Жұманғарин QR-төлемдер мен цифрлық теңгенің дамуын оң бағалады, бірақ ұсынылып отырған жеңілдіктің экономикаға әсерін нақты есептеу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Қаржы министрлігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен бірлесіп мәселені қосымша пысықтайды.
Сонымен қатар, жиында пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың нөлдік мөлшерлемесін қолдану ережелерін жаңарту мәселесі де қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тиісті өзгерістер енгізу тапсырылды.
