Сурет: «Астана» футбол клубы
Қазақстан Премьер-лигасының бірінші айналымы аяқталды. XV турдың соңғы кездесуінде елордалық «Жеңіс» пен «Астана» командалары кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ойын барысында Григорий Бабаян жаттықтыратын «Астана» футболшылары белсенділік танытты. Алайда «Жеңіс» ойыншылары лайықты қарсылық көрсетті. 30-минутта «Астананың» жартылай қорғаушысы Марин Томасов гол соғып, есеп ашты. Бірінші кезеңде «Жеңіс» есепті теңестіруге тырысқанымен, нәтиже болмады.
Екінші кезеңде екі команда да гол соғу мүмкіндігіне ие болды. 68-минутта «Астана» ойыншылары өз айып алаңында ереже бұзды, төреші Александр Затула пенальти белгіледі. Жиан дос Сантос Мартинс бұл мүмкіндікті дәл орындады. 79-минутта «Жеңіс» сапынан Мәди Хасейн командасын алға шығарды, ал 94-минутта «Астанадан» Ахметали Калтанов есепті теңестірді.
Осылайша кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Екінші айналым ойындары 2-5 шілде аралығында өтеді.

