Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz / Нұрболат Нұржаубай
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 26-отырысы өтті. Жиында қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту және пайдалы қазбаларды өндіру салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануға қатысты заңға тәуелді актілерді жаңарту мәселелері қаралды.
Отырыс барысында QR-төлемдер, телефон нөмірі арқылы ақша аудару, электрондық ақша мен цифрлық теңгені қоса алғанда, қолма-қол ақшасыз төлемдердің заманауи түрлерін дамыту жайы талқыланды. Қаржы реттеушілері қазір төлем карталары бойынша операцияларға қолданылатын ҚҚС жеңілдігін қолма-қол ақшасыз төлемдердің өзге түрлеріне қызмет көрсетуге де таратуды ұсынды.
Жиында төлем нарығы белсенді дамып, цифрлық есеп айырысу тәсілдерінің кеңінен таралып келе жатқаны айтылды. Қаржы реттеушілерінің пікірінше, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мен цифрлық төлем шешімдерін ынталандыру мақсатында барлық төлем құралдарына ортақ әрі түсінікті жағдай жасау маңызды.
Бұған дейін ҚҚС жеңілдігі сол кезеңдегі ең кең таралған төлем құралы ретінде төлем карталарына жеке қарастырылған. Алайда кейінгі жылдары төлем нарығы айтарлықтай өзгерді. QR-төлемдер, мобильді аударымдар мен цифрлық теңге секілді жаңа есеп айырысу тәсілдері пайда болды.
Осыған байланысты жаңа төлем құралдарына салық жеңілдігін қолдану мәселесі көтеріліп отыр. Мұндай жеңілдікті автоматты түрде кеңейту бұрын қарастырылмаған. Себебі алдымен оның экономикалық тиімділігін бағалап, жеңілдік қолданылатын операциялардың нақты тізімін анықтау қажет. Бұған қоса 2026 жылы төлем саласындағы заңнамада төлем карталарымен жасалатын операциялар ұғымы жаңартылып, кеңейтілді. Бұл салықтық реттеу нормаларын қосымша нақтылауды қажет етеді.
Серік Жұманғарин QR-төлемдер мен цифрлық теңгені қоса алғанда, заманауи төлем құралдарын дамыту оң үрдіс екенін атап өтті. Сонымен қатар ұсынылып отырған шараның экономикаға әсерін нақты есептеп, негіздеу қажет екенін айтты.
Талқылау қорытындысында Қаржы министрлігіне Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен бірлесіп мәселені қосымша пысықтау тапсырылды. Сондай-ақ заңнамадағы тиісті нормаларды нақтылап, қажетті есептерді ұсыну жөнінде шешім қабылданды.
Отырыстың екінші бөлігінде Салық кодексіне сәйкес пайдалы қазбаларды өндіру салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануға қажетті заңға тәуелді актілерді жаңарту мәселесі талқыланды.
Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Үкіметтің 2025 жылғы 18 желтоқсандағы №1102 қаулысын нақтылау тапсырылды. Аталған құжат қатты пайдалы қазбалардың рентабельділігі төмен кен орындарының өлшемдерін және олардың рентабельділігін айқындау қағидаларын реттейді.
