Қоғам

ҚазҰУ-да студенттер қазасынан кейін министрлік тексеру бастады

Сурет: farabi.university

ҚазҰУ-да студенттердің қаза табуына байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі университетте кешенді тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, университетке арнайы мониторингтік топ жіберіледі. Мамандар студенттердің өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты талаптардың орындалуын, сондай-ақ тәрбие және психологиялық қолдау жұмыстарының сапасын бағалайды.

«Мониторинг барысында жанжалдарды анықтау және олардың алдын алу, студенттердің өтініштеріне уақтылы жауап беру, психологиялық көмек көрсету тетіктеріне ерекше назар аударылады. Тексеру қорытындысы бойынша студенттер қауіпсіздігін арттыру және профилактикалық жұмысты жетілдіру жөнінде қосымша шаралар әзірленеді», делінген министрлік хабарламасында.

Еске салайық, 6 қарашада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, марқұм журналистика факультетінің бірінші курс студенті болған. Араға он күн салып, 16 қарашада ҚазҰУ-дың География және табиғатты пайдалану факультетінде оқитын бірінші курс студентінің қаза тапқаны хабарланды. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Кейін оқу ордасының проректоры мен деканы қызметінен босатылды.

Көп оқылғандар