Сурет: Egemen Qazaqstan
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мұнай-газ қорын толықтыру мақсатында ауқымды геологиялық барлау бағдарламасын бастады. Жоспарға сәйкес, 6250 шақырым 2D және 2540 шаршы шақырым 3D сейсмикалық барлау жүргізіліп, жалпы тереңдігі 89 мың метрді құрайтын 26 іздеу-барлау ұңғымасы бұрғыланады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта компания портфелінде жалпы геологиялық ресурстық базасы шамамен 4,7 млрд тонна шартты отынды құрайтын 23 геологиялық барлау жобасы бар.
Ұлттық компания ретінде «ҚазМұнайГаз» геологиялық барлау саясатын терең және аз зерттелген учаскелерге бағыттап отыр. Осы бағытта 2025 жылы Шу-Сарысу учаскесінде 1834 шақырым 2D, Береке учаскесінде 1505 шаршы шақырым 3D далалық сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Шығыс учаскесіндегі 2600 шақырым 2D тарихи сейсмикалық дерек қайта өңделді.
Қазақстанның негізгі ресурстық әлеуеті Каспий маңы шөгінді бассейнінің тереңде орналасқан тұзасты қабаттарында шоғырланған. Бұл учаскелер кең көлемде тек кеңестік кезеңде сол уақыттағы технологиялар негізінде зерттелген.
Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» 60 мың шақырымға дейінгі аумақта өңірлік сейсмикалық барлау бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл елдегі мұнай-газ тұрғысынан ең перспективалы аумақтарды бірнеше онжылдықтан кейін алғаш рет заманауи технологиялар арқылы кешенді зерттеуге мүмкіндік береді.
Геологиялық барлау жобалары компанияның өз күшімен қатар, жетекші халықаралық мұнай-газ компанияларымен серіктестік негізінде жүзеге асырылуда.
Мәселен, «Қаратон тұзасты» жобасы бойынша тереңдігі 5750 метр болатын ұңғыма бұрғыланып, сынақ нәтижесінде газ ағыны алынған. Екінші іздеу ұңғымасын 6000 метрге дейінгі тереңдікте бұрғылау нүктесі келісіліп, бұрғылау жұмыстарына дайындық басталды.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» Маңғыстау облысындағы «Болашақ» жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында биыл үшінші тоқсанның соңына дейін тереңдігі 3500 метр болатын алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауды бастау жоспарланған.
«Жылыой» және «Березовский» жобалары бойынша ірі қытайлық CNOOC және Sinopec компанияларымен келісімшарттар жасалды. Биыл күзде бұл учаскелерде сейсмикалық барлау жұмыстарын бастау көзделіп отыр.
Тағы бір маңызды жоба – әлемдегі ірі энергетикалық компаниялардың бірі BP-дің Қазақстанның мұнай-газ саласына қайта оралуы. Компаниямен «Үстірт-1/2» жобасын жүзеге асыру бойынша ниет туралы келісімге қол қойылды.
BP-пен бірлескен жұмыс озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені тартуға, сондай-ақ перспективалы учаскелерді игеруді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қызылорда облысындағы ресурстық базаның сарқылуы мен мұнай өндіру деңгейінің төмендеуіне байланысты 2025 жылы Шу-Сарысу учаскесінде далалық сейсмикалық барлау жүргізілді.
Алынған деректерді өңдеу және талдау нәтижесінде перспективалы газ құрылымдары анықталды. Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшартты рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келісімшарт жасалғаннан кейін 3500 метр тереңдіктегі ұңғыманы бұрғылау басталады.
Мазмұнға өту
