Қоғам

Қазақстанның үздік жеңіл атлеттері Астанадағы чемпионатқа жиналады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Жеңіл атлетикадан Қазақстанның XXXV чемпионаты 22-24 шілде аралығында Астанада өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ел біріншілігіне 17 өңірден 265-тен астам спортшы қатысады. Үш күнге созылатын жарыста ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сындарда және 4×100 м мен 4×400 м аралас эстафеталарында барлығы 48 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Жарыс жолына ұлттық құраманың көшбасшылары Каролин Чепкоеч Кипкируи, Дэйзи Джепкемей, Кристина Овчинникова, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Анастасия Рыпакова, Мария Ефремова, Аделина Земс, Андрей Соколов, Эльнур Мухитдинов, Иван Иванов, Иван Товченник, Виктория Ан, Виталий Земс, Вячеслав Земс және басқа да жетекші спортшылар шығады.

Чемпионат қорытындысы бойынша алдағы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы жасақталады. Жарыс Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында өтеді. Лақтыру түрлері бойынша бәсекелер Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінің арнайы секторында ұйымдастырылады.

Көп оқылғандар