Сурет: Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Қазақстанның IT-қызметтер экспорты соңғы бес жылда айтарлықтай өсіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,142 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
IT-қызметтер экспорты жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2020 жылы бұл көрсеткіш 33,5 млн доллар болған. 2021 жылы экспорт көлемі 60,07 млн долларды құраса, 2022 жылы 337 млн долларға, 2023 жылы 529,1 млн долларға, 2024 жылы 690,7 млн долларға жетті. Ал 2025 жылы көрсеткіш алғаш рет 1 млрд доллардан асты.
Қазақстан IT-қызметтердің нетто-экспорттаушысы деңгейіне де шықты. IT-қызметтер экспортының кірісі шетелдік цифрлық шешімдерді импорттауға жұмсалған 429 млн доллардан 2,6 еседен астам жоғары болды.
Сондай-ақ еліміз өңірдегі технологиялық экспорттаушылар арасындағы позициясын да нығайтып келеді. Мәселен, Грузияның телекоммуникациялық, компьютерлік және ақпараттық қызметтер экспорты 2024 жылы 842,3 млн долларды құраған. Арменияда бұл көрсеткіш шамамен 1,18 млрд долларға жеткен.
Отандық IT-компаниялардың халықаралық нарықтарға шығу географиясы да кеңейіп келеді. Қазір отандық цифрлық шешімдер әлемнің 110-нан астам еліне экспортталады.
«Astana Hub қатысушыларының экспорты 2025 жылы 634 млн долларға жетті. Қазіргі таңда 537 компания өнімдерін шетелдік нарықтарға шығарып отыр. IT-экожүйеде 32 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Алдағы кезеңде қазақстандық технологиялық компанияларды масштабтау және олардың ірі халықаралық нарықтарға шығуына басымдық беріледі. Негізгі бағыттардың қатарында АҚШ, Еуропа, Таяу Шығыс және Азия нарықтары бар», делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ отандық IT-шешімдерді халықаралық деңгейде ілгерілету тетіктерін дамыту жоспарланып отыр. Стратегиялық мақсат – Қазақстанның IT-қызметтер экспортын 2030 жылға қарай 5 млрд АҚШ долларына жеткізу болып отыр. Осылайша бес жыл ішінде Қазақстанның IT-қызметтер экспорты ондаған миллион доллардан 1 млрд доллардан асатын деңгейге көтерілді.
Еске сала кетейік, жыл басында Үкімет басшысы Олжас Бектенов IT экспортының көлемі 1,1 млрд долларға жеткенін мәлімдеген болатын. Бүгінде ЖИ технологиялары еліміздің 16 мемлекеттік органында қолданылып келеді.
Мазмұнға өту
