Сурет: Egemen Qazaqstan
Соңғы уақытта Қазақстан азаматтарының Қырғызстандағы жылжымайтын мүлікке қызығушылығы артып келеді. 2025 жыл мен 2026 жылдың алғашқы үш айында отандастарымыз көрші елден 424 жылжымайтын мүлік нысанын сатып алған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қырғызстанның жылжымайтын мүлік нарығына қатысты деректерді Мемлекеттік кадастр мәліметтеріне сүйене отырып, Қырғызстан Жогорку Кеңешінің депутаты Дастан Бекешов жариялады. Оның айтуынша, аталған кезеңде шетел азаматтары Қырғызстан аумағынан жалпы саны 2408 жылжымайтын мүлік нысанын сатып алған. Ең белсенді сатып алушылар қатарында Ресей азаматтары көш бастап тұр – 1238 нысан. Екінші орында Қазақстан азаматтары болса, үшінші орында Қытай азаматтары орналасқан. Қытайлықтар 311 нысан, Түркия азаматтары 145 нысан, ал Германия азаматтары 56 нысан сатып алған.
Депутаттың мәлімдеуінше, бұл көрсеткіштер Қытай азаматтары Қырғызстанның жылжымайтын мүлік нарығын жаппай сатып алып жатыр деген пікірдің шындыққа жанаспайтынын көрсетеді. 2025 жылы Қытай азаматтары 272 нысан сатып алса, 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы 39 нысан иеленген. Сатып алынған мүліктің жалпы аумағы 32,5 мың шаршы метрді құраған.
Салыстыру үшін, 2025 жылы Қырғызстанда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша 62 мыңнан астам мәміле тіркелген. Осылайша, Қытай азаматтарының үлесі жалпы нарықтың шамамен 0,44 пайызына ғана тең болған.
Сонымен қатар депутат шетелдіктердің жылжымайтын мүлік сатып алуын бақылауда ұстау маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, әсіресе шекара маңындағы және стратегиялық маңызы бар аумақтардағы нысандарға ерекше назар аудару қажет.

