Спорт

Қазақстандық жас балуандар әлем чемпионатында екі алтын алды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Бакуде өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрес әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілдері Дияр Аманәлі мен Бақдәулет Ағабек алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Еркін күрестің 48 келіге дейінгі салмағында сынға түскен Бақдәулет Ағабек финалда үндістандық Аарьян Аарьянды 10:0 есебімен техникалық басымдықпен мерзімінен бұрын жеңіп, әлем чемпионы атанды. Ол чемпиондыққа дейінгі бес белдесудің барлығында жеңіске жетті. Іріктеуде тәжікстандық Муслихиддин Ходжиевті (10:0), 1/8 финалда болгариялық Эмир Джеватовты (10:0) мерзімінен бұрын ұтты. Ширек финалда моңғол Тэмүүлэн Усухбаярды 36 секундта 10:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда 2026 жылғы U17 Азия чемпионы, өзбекстандық Фаррух Махмудовтан 7:3 есебімен басым түсті.

Тағы бір алтынды 28 шілдеде грек-рим күресінің 55 келіге дейінгі салмағында Дияр Аманәлі қоржынға салды. Ол алғашқы белдесуде грек Николаос Зинисисті 8:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Кейін ресейлік Эдем Пайзиевтен 3:1 есебімен басым түсті. Ширек финалда грузин Георгий Кеделидзені 2:1 есебімен ұтса, жартылай финалда болгариялық Данимир Йордановты 8:1 есебімен айқын жеңіп, финалға шықты.

Шешуші белдесуде Дияр Аманәлі венгриялық Кеве Ковачпен кездесті. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды. UWW ережесіне сәйкес, алғашқы нәтижелі әдісті орындаған қазақстандық балуанға жеңіс берілді.

Осылайша, Дияр Аманәлі мен Бақдәулет Ағабек әлем чемпионатының ең биік сатысына көтеріліп, Қазақстан құрамасына екі алтын медаль сыйлады.

Көп оқылғандар