Спорт

Азия ойындарына Қазақстаннан 559 спортшы тіркелді

Сурет: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спортты дамыту дирекциясы хабарлағандай, 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасынан 559 спортшы тіркелді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жарыс бағдарламасына енгізілген 43 спорт түрінің 35-і бойынша отандастарымыз жүлдеге таласады.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің мәлімдеуінше, өтінімдерге сәйкес Азиадаға 559 спортшы қатысуға тіркелген. Комитетке спортшыларды жарыстан шығару туралы өтініш түспеген. Сондықтан Азия Олимпиадалық кеңесі шешім қабылдағанға дейін 559 спортшының барлығы жарысқа қатысатын құрамда қалады.

«Спортшыны жарыстан шығару туралы шешімді Ұлттық Олимпиада комитетінің өтініші негізінде Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) мен AINAGOC (ұйымдастыру комитеті) қабылдайды», деп хабарлады Ұлттық Олимпиада комитеті.

Жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты 19 қыркүйекте Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтеді. Салтанат Қазақстан уақытымен сағат 14:00-де басталады.

Құрлықтық додаға Азияның 45 елінен шамамен 15 мың спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыс бағдарламасы бойынша 469 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. XX жазғы Азия ойындары Жапонияның 53 спорт нысанында ұйымдастырылады.

Ойындар Аити префектурасы мен Нагоя қаласынан бөлек, Токио және Осака қалаларында, сондай-ақ Сидзуока мен Гифу префектураларында өтеді.

Бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов XX жазғы Азия ойындары алдында ұлттық құрама спортшыларымен кездескен болатын.

Көп оқылғандар