Сурет: instagram.com/rustemova_aliya
Бүгін Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі басталды. Сот отырысы алдында жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Адвокаттың айтуынша, іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Міндеттеріне адал қарамау») бойынша қаралып жатыр. Оның сөзінше, заң бойынша Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасына да жауапкершілік қарастырылған.
«МИБ төрағасы әкімдікке ескерту жасап, анықталған ақауларды жою жөнінде ұсыныстар беруі керек болған. Алайда мұндай әрекеттер жасалмаған. Барлық мән-жай сот барысында белгілі болады», деді Нұрсұлтан Орынбеков.
Адвокат жәбірленуші тарап тергеу жұмыстарына көңілі толатынын атап өтті. Іс бойынша Ұлдана Мырзуанның анасынан бөлек, оның бұрынғы күйеуі және сол күні зардап шеккен басқа да адамдар жәбірленуші деп танылған.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болған. Тұрғын үй ғимаратының қасбеті құлаған кезде оқиға орнына медициналық көмек көрсету үшін барған екі фельдшердің үстіне кондиционер құлаған. Ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болған еді.
Сол күні, 18 қарашада, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен наградтады. Ал 2025 жылғы желтоқсанда Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратына фельдшерге арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Мазмұнға өту
