Басты тақырып

Президент ауылдардағы өрт қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмыс қорытындысы, азаматтық қорғаныс жүйесін жаңғырту барысы және алдағы жоспарлар туралы баяндалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президентке министрліктің материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары таныстырылды. Соңғы екі жылда бөлімшелер 1,4 мыңнан астам техникамен, авиациямен, заманауи құтқару жабдықтарымен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және байланыс құралдарымен толықтырылды. Бұл елдің барлық өңірінде төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін едәуір арттырды. Министрлікке қарасты бөлімшелерді жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде.

Шыңғыс Әрінов бөлімшелер желісін дамыту мәселесін атап өтіп, жаңа әмбебап құтқару құрылымдары, авиация және теңіз жасақтары құрылғанын хабарлады. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 237 ерікті өрт сөндіру бекеті салынған. Олар шамамен 700 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Халықты шұғыл хабардар ету жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып, Ахуалдық орталықтың мүмкіндіктері кеңейтілуде. Табиғи өртті ерте анықтау жүйелері біріктірілуде.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомство қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат берілді. Құтқарушыларға тұрғын үй төлемдері қарастырылған. Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері үшін арнайы тұрғын үй кластерін құру жобасы қолға алынды. Бұл бастама өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару базаларының жанында қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үй кешендерін салуды көздейді.

Президент министрліктің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысын оң бағалады. Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудандық және ауылдық құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды жалғастыруды, заманауи технологиялар енгізуді және өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруды тапсырды.

Көп оқылғандар