Әлем

Қазақстандық туристердің Грузияға сапары 6 пайызға артты

Сурет: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

2026 жылдың алғашқы алты айында Грузияға 66 526 қазақстандық турист барған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға көп, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Грузияның Ұлттық туризм әкімшілігінің дерегінше, Қазақстан келушілер саны бойынша жетінші орынға көтерілген. Алдыңғы қатарда Ресей, Түркия, Армения, Израиль, Әзербайжан және Украина тұр.

Қаңтар-маусым аралығында Грузияда 2 млн 734 мың 504 халықаралық келуші тіркелген, бұл былтырғы көрсеткіштен 2,7 пайызға аз. Алайда туристік мақсаттағы сапарлар саны 0,1 пайызға өсіп, 2 млн 272 мың 964-ке жеткен.

Туристер саны ең көп артқан елдер қатарында Германия (26,2%), Украина (22,7%), Польша (17,4%), Қытай (16,7%) және Қазақстан (6%) бар. Керісінше, Ираннан келушілер саны 48,7 пайызға, Израильден 14,4 пайызға, Армениядан 8 пайызға, Өзбекстаннан 4 пайызға және Түркиядан 1,5 пайызға азайған.

Грузия тарапы бұл өзгерістерді Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуі және әуе қатынасындағы іркілістермен байланыстырады. Сонымен қатар, Еуропалық одақ елдерінен, оның ішінде Ұлыбританиядан келген туристер саны 23 пайызға өсіп, 249 201 адамды құрады.

Көп оқылғандар