Сурет: ҚТФ
Астанадағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында халықаралық Asu Open турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әйелдер арасындағы World Tennis W15 жарысында Сандуғаш Кенжебаева мен Ева Корышева жекелей сында алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Рейтингіде 1434-орындағы Кенжебаева әлемнің 1107-ракеткасы, ресейлік Мария Михайлованы камбэкпен ұтты – 5:7, 6:3, 6:0. Корышева күтпеген жерден әлемнің 938-ракеткасы, үндістандық Аканкша Дилип Ниттурені жеңді – 6:2, 7:6 (7:4).
Ерлер арасында World Tennis M15 додасында әлемнің 627-ракеткасы Әмір Омарханов рейтингіде 1033-сатыдағы украиналық Владимир Якубенкодан басым түсті – 6:3, 6:3. Тағы бір жас қазақстандық теннисші Дамир Жалғасбай әлемнің 1126-ракеткасы, үндістандық Маан Кешарваниға еш мүмкіндік қалдырмады – 6:1, 6:2.
Әйелдер арасында жұптық сында Альбина Кәкенова мен Анастасия Крымкова сенсациялық нәтижеге қол жеткізді. Қазақстандық жұп жарыстың төртінші ракеткалары, ресейліктер Екатерина Маклакова – Мария Шолохованы 3:6, 6:4, 11:9 есебімен ұтып, ширек финалға шықты. Бір күнде екі матч өткізген Корышева Айя Нұпбаймен бірге алғашқы айналымда үндістандықтар Сонай Патал — Яшасвини Панварды 6:1, 7:5 есебімен жеңді. Ева мен Айя да ширек финалға жолдама алды.
Астана додасында басқа да қазақстандық теннисшілер өнер көрсетіп жатыр.
Мазмұнға өту
