Сурет: Egemen Qazaqstan
Замбия астанасы Лусакада бадминтоннан халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Дмитрий Панарин іріктеуден сүрінбей өтіп, финалда үндістандық Манав Чоудхариге жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Қола медальдарды Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері Бхарат Латиш пен Дев Вишну бөлісті.
Хорватия астанасы Загребте өткен Zagreb Croatia Open турнирінде қазақстандық жас таеквондошылар үш медаль жеңіп алды. G1 санатында Нұрай Амангелді (59 кг) финалда хорватиялық Сара Рогинді жеңіп, алтын алды. Балкерім Өтеген (68 кг) шешуші жекпе-жекте франциялық Сейни Сананы ұтты. Сабина Тұртұлова (+68 кг) финалда хорватиялық Сара Жижичке есе жіберіп, күміспен қанағаттанды.
Оңтүстік Корея астанасы Сеулде шорт-тректен әлемдік турдың үшінші кезеңі өтеді. Қазақстан құрамасының намысын Мақсат Уәлиулла, Павел Цой, Әлішер Әбілқатымов, Санжар Жанысов, Давид Нашаев, Дамир Құрманов қорғайды. Олар әлемнің үздік шорт-трекшілерімен жүлделі орындар үшін таласады.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңін аяқтады. С дивизионындағы соңғы матчта жерлестеріміз Словакиямен тең түсті. 29-минутта Ғалымжан Кенжебектің пасын Ислам Чесноков голға айналдырды. 56-минутта Роберт Боженик есепті теңестірді. Он минуттан кейін Ян Вороговский Қазақстанды қайта алға шығарды. Джон ван’т Схип жаттықтыратын құрама негізгі уақытта басымдықты сақтағанымен, қосымша уақыттың бесінші минутында Адриан Капралик есепті теңестірді. Осылайша, Қазақстан алты кездесудің үшеуінде жеңіліп, үшеуінде тең түсіп, 3 ұпаймен аяқтады. 12 ұпай жинаған Словакия келесі дивизионға жолдама алды. Сегіз ұпайлы Фарер аралдары плей-оффта бақ сынайды. Қазақстан 6 ұпайлы Молдовадан кейін қалып, топтың соңғы сатысында тұрақтады.
Әлихан Мәулет батуттағы гимнастикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қытайдың Нанкин қаласында өткен додада ол 17-21 жас аралығындағы спортшылар арасында сынға түсті. Шағын қос батуттағы жаттығуларын жоғары деңгейде орындаған Әлихан екінші орынды иеленді. Әлем чемпионы ресейлік Лев Бусарев, қола медаль америкалық Кейсен Маагтің еншісінде.
Мазмұнға өту
