Әлем

Қазақстандық оқушылар физикадан әлемдік олимпиадада бес алтын алды

Сурет: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан құрамасы физикадан ең беделді халықаралық білім додасында ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. 2026 жылғы 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) ұлттық құраманың 5 мүшесі де алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салды. Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.

Алтын медаль иегерлері: Егенбергенова Нұргүл – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы; Азатбеков Амирбек – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы; Қазымбек Илияс – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы; Черемнов Роман – Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы; Құрман Дамир – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.

Бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойы жүйелі дайындалды. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады. Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ал Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құраманың жұмысын SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірді.

Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болса, биыл еліміздің бес оқушысы да алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.

Көп оқылғандар