Categories Қаржы

Қазақстанда жеңілдетілген ипотеканың үлесі 85%-ға жетті

Сурет: Kazinform

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда берілген жаңа ипотекалық қарыздардың көлемі 438 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 12,3%-ға өскен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, нарықтың өсуіне негізінен жеңілдетілген ипотека көлемінің ұлғаюы әсер еткен. Сарапшылардың айтуынша, жаңа несиелердің жалпы өсімін толықтай «Отбасы банк» қамтамасыз еткен. Банк несие беру көлемін өткен жылмен салыстырғанда 54,3%-ға арттырып, 347,5 миллиард теңгеге жеткізген. Мемлекеттік бағдарламалардың кеңеюі нарықтық ипотекаға теріс әсер еткен факторлардың зардабын жоюға мүмкіндік берген. Қазіргі таңда банктердің қымбат қорлары, жоғары базалық мөлшерлеме мен реттеушілік шектеулер салдарынан нарықтық шарттармен берілетін ипотека көлемі 53,6%-ға қысқарған.

Осы үрдіс аясында мемлекеттік бағдарламалардың маңызы артқан. Бір жыл бұрын жаңа несиелердің 73,9%-ы жеңілдетілген ипотекаға тиесілі болса, қазір бұл көрсеткіш 85,1%-ға жеткен. Екінші деңгейлі банктердің ипотека нарығындағы үлесі 14,9%-ға дейін қысқарған.

Елде ипотекаға сұраныс бәсеңдеп келеді. Банктерге түскен өтінімдер саны 20,7%-ға азайып, 192 мың болған — бұл соңғы екі жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Сарапшылардың пікірінше, бұған тұрғын үй бағасының өсуі, халықтың нақты табысының қысқаруы және зейнетақы жинақтарын пайдаланудың қиындауы әсер еткен.

Нарық құрылымы да өзгеріп келеді. Сомасы 20 миллион теңгеден асатын қарыздардың үлесі 30%-дан 37%-ға өссе, 10 миллион теңгеге дейінгі шағын несиелердің үлесі 22%-дан 17%-ға дейін азайған. 2027 жылға дейін ипотекалық қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері өзгеріссіз қалады.

Ұқсас жазбалар

Air Astana экс-басшысы Питер Фостер жүк тасымалдау компаниясының директоры болды

Air Astana әуе компаниясын 21 жыл басқарған Питер Фостер отандық жүк тасымалдау әуе компаниясының тәуелсіз…

Қазақстан халықаралық банктерден 470 миллиард теңгеден астам қарыз алады

Парламент Мәжілісі республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялады.

Елімізде бес айда 3 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды

2026 жылдың бес айында Қазақстанда 3 мыңнан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылықтың жолы кесілді.