Сурет: Ерлан Омар
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен арнайы жұмыс тобының отырысында сингапурлық жоба талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және салалық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, сингапурлық модель міндетті зейнетақы капиталын қалыптастыруды көздейді. Ол азаматтарға зейнет жасына дейін жинақтың бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, медициналық шығындарды өтеуге және инвестициялауға пайдалану мүмкіндігін береді. Қаражат үш шотқа бөлінеді, оның біреуі жеңілдетілген тетік арқылы тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған.
Талқылау барысында сарапшылар ұсынылған модельдің әлеуметтік осал топтардың, соның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың мүдделерін қаншалықты ескеретініне қатысты пікір білдірді. Қатысушылар модельдің осы санаттағы азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру деңгейіне ықпалын қосымша зерделеу қажеттігін атап өтті.
Қазіргі уақытта жұмыс тобы зейнетақы жүйесін жаңғыртудың басқа да тәсілдерін қарастырып жатыр. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры азаматтың орташа айлық табысының медианалық жалақыға қатынасына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептелетін әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізу тетігін ұсынды. Бұл тәсіл зейнетақы жүйесіндегі ынтымақты құрамдасты күшейтуге бағытталған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс берушінің аударымдарының 4 пайызын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1 пайызын ынтымақты құрамдасқа бағыттауды көздейтін модельді таныстырды. Мұндай тәсіл жинақтаушы қағидатты сақтандыру тетіктерімен және өмір бойғы төлемдер жүйесімен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынылған барлық бастамалардың қазіргі уақытта сараптамалық талқылау сатысында екенін атап өтті.
Мазмұнға өту
