Сурет: ті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Елімізде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істеп, оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Соңғы жеті жылда 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа мектептердің салынуы қолданыстағы білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені азайтуға, үш ауысымды оқыту, апатты мектептер және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік берген.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2019–2026 жылдары үш ауысымды мектептер саны 5 есе, апатты мектептер саны 2 есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы 4 есе қысқарды», деді спикер.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры да мектеп құрылысына қосымша мүмкіндік берді. Қор сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлғалардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылады.
«Қор қаражаты есебінен 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Бүгінде оның 83-і пайдалануға берілді, қалған жеті нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр», деді Жайық Шарабасов.
Бұған дейін елімізде жаңа форматтағы 20 инклюзивті мектеп-кешен салынатынын хабарлаған едік.
Мазмұнға өту
