Сурет: istockphoto.com
Маусым айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 053 мәміле тіркелді. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 28,4 пайызға артық, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Алматы қаласы көш бастап, 6 841 мәміле жасалып, жалпы көлемнің 17,5 пайызын құрады. Астанада 6 436, Қарағанды облысында 3 772 мәміле тіркелді. Ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында – 360 мәміле.
Мамырмен салыстырғанда барлық өңірде өсім байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысында (67,4%), Қарағанды облысында (43,4%) және Атырау облысында (40,9%) тіркелді.
Көппәтерлі тұрғын үйлер бойынша маусымда 29 432 мәміле жасалды. Пәтерлерді сатып алу-сатуда Астана, Алматы және Қарағанды облысы белсенділік танытты. Бір бөлмелі пәтерлер көп сатылып, 11 348 мәміле тіркелді.
Жеке тұрғын үйлер нарығында да өсім бар. Маусымда 9 621 жеке үй бойынша мәміле жасалып, мамырмен салыстырғанда 36,7 пайызға артты. Шығыс Қазақстан облысынан басқа барлық өңірде өсім байқалды, ал ШҚО-да 1,4 пайызға төмендеді.
2027 жылдан бастап ипотека беру талаптары өзгереді. Банктер қарыз алушының жалпы берешегін оның табысымен салыстырып бағалайды, яғни табысқа сай келмейтін несие берілмейді.
Мазмұнға өту
