Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары сауын түйелерге арналған алғашқы отандық экструзияланған құрама жемді жасап шығарды. Бұл жем жусан негізіндегі биологиялық белсенді қоспадан тұрады және елімізде баламасы жоқ, тиімділігі ғылыми зерттеулермен дәлелденген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Төрт апта бойы жүргізілген бақылауда жаңа құрама жемнің жануарлардың сүт өнімділігіне әсері зерттелді. Тәжірибелік топтағы түйелердің орташа тәуліктік сүт сауымы бір басқа шаққанда 100 мл-ге артқан. Сүттің сапасы да жақсарған: майлылығы 1,92%-ға, ақуыз мөлшері 1,52%-ға, майсыз құрғақ сүт қалдығының үлесі 0,91%-ға өскен.
Әзірлеменің ерекшелігі – Қазақстанда кең таралған жусан өсімдігінен дайындалған биологиялық белсенді қоспаны қолдану. Заманауи өңдеу технологиялары қоректік заттардың тиімді игерілуіне және жануарлар өнімділігінің артуына ықпал ететін функционалды жем алуға мүмкіндік берген.
Бұл әзірлеме құрғақ климат жағдайындағы өңірлер үшін өте маңызды, өйткені түйе шаруашылығы ондай аймақтарда мал шаруашылығының төзімді әрі болашағы зор бағыты саналады. Жаңа құрама жемді өндіріске енгізу түйе сүтін өндіру тиімділігін арттырып, жем өндірісінде отандық өсімдік шикізатын кеңінен пайдалануға жол ашады.
Жоба авторлары зерттеу нәтижелері түйе шаруашылығын дамытуға және түйе сүтінен қосымша құны жоғары өнімдер өндіруге жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өткен.

