Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындары, балабақшалар және басқа да нысандардың санитарлық жағдайын бағалайтын цифрлық рейтинг жүйесі енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа ақпараттық жүйе елдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды нақты уақыт режиміне жақын форматта бақылауға мүмкіндік береді.
Вакцинация модулінде қазірдің өзінде 4 616 180 екпе алған азамат туралы ақпарат жинақталған. Бұл өңірлердегі профилактикалық екпемен қамту деңгейін дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Министрлік қоғамдық тамақтану орындары, балалар мекемелері және басқа да нысандар үшін санитарлық әл-ауқат рейтингін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл тұрғындарға мекемені таңдауда оның санитарлық жағдайы туралы объективті ақпаратқа сүйенуге мүмкіндік береді.
Әзірге рейтингтің қашан жалпы қолданысқа енгізілетіні нақтыланбаған. Сонымен қатар министрлік медициналық ұйымдардың қызмет сапасын бақылаудың жаңа қағидаларын қоғамдық талқылауға шығарғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасына барған 102 адам тағамнан уланғанын жазған болатынбыз. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, дәмхананың санитарлық лицензиясыз жұмыс істегенін анықтаған еді.
Мазмұнға өту
