Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда ет бағасы бір жыл ішінде 15,8 пайызға қымбаттады. 2026 жылғы шілдеде елдегі жылдық инфляция 10,2 пайызды құраса, азық-түлік тауарларының құны 10,1 пайызға өскен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, азық-түлік өнімдерінің жалпы инфляцияға қосқан үлесі 1,4 пайыздық тармақты құрады. Бұл көрсеткіш басқа санаттармен салыстырғанда едәуір жоғары.
Тамыз айының ортасында сүйекті сиыр етінің орташа бағасы 1 келісі үшін 3779 теңге болды. Ал тауық етінің бағасы 1736 теңгеге жетті.
Бір апта бұрын сүйекті сиыр еті 3778 теңге тұрған. Қысқа мерзімде баға айтарлықтай өзгермегенімен, өткен жылмен салыстырғанда ет құны айтарлықтай өскен.
Мысалы, 2025 жылғы 26 тамызда сиыр етінің жауырын-төс бөлігінің орташа бағасы 3131 теңге болған. Бір жыл ішінде оның құны 22,8 пайызға, жыл басынан бері 21,2 пайызға, ал бір аптада 0,9 пайызға қымбаттаған.
Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағасының күрт қымбаттауы күтілмейтінін мәлімдеген еді.
