Сурет: Egemen Qazaqstan
Өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда. 29 маусымдағы мәлімет бойынша, болжанған 2,1 млн гектардың 1,5 млн гектары немесе 70 пайызы өңделді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Егіс алқаптарын қорғау жұмыстары жоспарға сай уақтылы жүргізілуде. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешені Мемлекеттік инспекция комитетінің басшылығы Атырау және Маңғыстау облыстарында іс-шаралар барысын бақылауда.
Биыл 2,2 млн гектар алқапты өңдеу жоспарланған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30 пайызға аз. Мұндай нәтиже Үкімет қолдауымен жүргізілген кешенді жұмыстар мен өсімдіктерді қорғау жүйесінің жетілдірілуінің арқасында қол жеткізілді.
Атап айтқанда, қызметтерді сатып алудың бірыңғай жүйесі енгізіліп, сатып алу үдерістері орталықтандырылып, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі артты. Сондай-ақ желдеткіш бүріккіштердің өнімділік нормасы 100 гектардан 70 гектарға дейін төмендетілді. Нәтижесінде жұмылдырылған техника саны 556 бірлікке жетіп, 2025 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артты.
Фитосанитариялық қызметтің техникалық паркі жаңартылып, 103 дрон сатып алынды. Оның 57-сі мониторингтік зерттеулерге, 46-сы химиялық өңдеуге арналған. Шегірткеге қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін «FITOCENTRE» қосымшасы іске қосылды.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп, цифрлық технологияларды, жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға бағытталған серіктестік жоба жүзеге асырылуда. Өңірлердегі жедел штабтар штаттық режимде жұмыс істеуде.

