Қоғам

Қазақстанда психикалық денсаулық сақтау жүйесін ауқымды реформалау басталады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанда халықтың психикалық денсаулығын сақтау тәсілдері түбегейлі жаңғыртылады. Ендігі басымдық аурудың салдарын емдеуге ғана емес, оның алдын алуға, ерте анықтауға және азаматтарға медициналық көмектің барлық кезеңінде жүйелі қолдау көрсетуге бағытталады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл шаралар Психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі 2027–2030 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарда көзделген. Аталған кешенді жоспар ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте қаралды.

Кешенді жоспарды әзірлеу барысында салалық мемлекеттік органдар ғылыми зерттеулерді дамытуға, мамандар даярлау сапасын арттыруға, білім беру бағдарламаларын жаңартуға, педагогтер мен психологтердің біліктілігін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын енгізді. Сондай-ақ мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесі мен тиісті инфрақұрылымды одан әрі дамыту шаралары ұсынылды.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жайы қаралды. Министрліктер мен өңір әкімдіктерінің баяндамалары тыңдалғаннан кейін Психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі 2027–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар мақұлданды.

Көп оқылғандар