Сурет: ашық дереккөз
Қазақстанда тамыздың алғашқы екі аптасында тұрғын үйді жалдау ақысы орта есеппен 3,8 пайызға өсті. Бұған жаңа оқу жылы қарсаңындағы маусымдық сұраныс пен ірі қалаларға студенттердің жаппай келуі себеп болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ең көп қымбаттаған – екі және үш бөлмелі пәтерлер. Республика бойынша тамыздың алғашқы жартысындағы өсім: бір бөлмелі пәтерлер – 2,5 пайыз, екі бөлмелі пәтерлер – 4,3 пайыз, үш бөлмелі пәтерлер – 4,2 пайыз.
Өңірлер арасында жалдау ақысы Ақтауда 9,5 пайызға, Алматыда 8,6 пайызға, Семейде 7,7 пайызға, Павлодарда 7,4 пайызға, Петропавлда 5,6 пайызға өскен.
Алматыда бір бөлмелі пәтердің орташа жалдау ақысы 220 мың теңгеге жетті. Екі бөлмелі пәтер 300 мыңнан 340 мың теңгеге, ал үш бөлмелі пәтер 410 мыңнан 450 мың теңгеге қымбаттаған.
Астанада бір бөлмелі пәтердің бағасы 220 мыңнан 240 мың теңгеге, екі бөлмелі пәтер 300 мыңнан 320 мың теңгеге өскен. Үш бөлмелі пәтердің орташа бағасы 500 мың теңге деңгейінде сақталған.
Кейбір қалаларда баға төмендеген. Қостанайда үш бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 6,9 пайызға, Талдықорғанда 5,3 пайызға арзандаған.
Сарапшылардың айтуынша, жалдау ақысының өсуіне негізінен жаңа оқу жылы қарсаңындағы маусымдық сұраныс себеп болып отыр.
Мазмұнға өту
