Қаржы

Қазақстанда орташа айлық табыс 252 мың теңгеден асты

Сурет: Egemen Qazaqstan

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа айлық номиналды ақшалай табысы 252 619 теңге болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл көрсеткіш 2025 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 11,8 пайызға өскен. Алайда тұтыну бағалары индексін ескергенде халықтың нақты табысы небәрі 0,1 пайызға ғана артқан.

Ең жоғары орташа номиналды табыс Алматы қаласында тіркелген. Мұнда жан басына шаққандағы айлық табыс 408 182 теңгені құраған. Ұлытау облысында – 353 036 теңге, Астана қаласында – 352 811 теңге, Атырау облысында – 323 716 теңге, Маңғыстау облысында – 288 891 теңге болған.

Ең төменгі көрсеткіштер Түркістан облысында (143 409 теңге), Шымкент қаласында (160 951 теңге), Жамбыл облысында (166 768 теңге), Жетісу облысында (173 876 теңге) және Қызылорда облысында (178 795 теңге) байқалған.

Өңірлер арасында номиналды табыстың ең жоғары өсімі Алматы облысында тіркелген – 19,1 пайыз. Екінші орында Қарағанды облысы, мұнда көрсеткіш 16,4 пайызға артқан.

Ұлттық статистика бюросының түсіндіруінше, халықтың номиналды ақшалай табысына тұтынуға, өндірістік қызметке және жинақтауға жұмсалатын қаражат кіреді. Бұл көрсеткіш жалдамалы еңбек пен өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табысты, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді қамтитын макроэкономикалық есептеу әдісі арқылы анықталады.

Көп оқылғандар