Қаржы

Қазақстанда өткен аптада жеті азық-түлік түрінің бағасы төмендеді

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша апталық дефляция тіркеліп, өткен аптада жеті тауар түрінің бағасы төмендеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ең көп арзандаған өнімдер қатарында қызанақ (8,5%), қияр (8,3%), жұмыртқа (1,5%), алма (1,1%), балық (0,4%), күнбағыс майы (0,2%) және айран (0,1%) бар. Ал күріш, нан мен сүт бағасы өзгеріссіз қалды.

Сонымен қатар 21 тауар түрі бойынша бағаның өсуі байқалды. Қырыққабат 7,9%-ға, пияз бен картоп 1,9%-ға, қант 1,6%-ға қымбаттады. Қалған өнімдердің баға өсімі 1%-дан аспады.

Өңірлер бойынша баға төрт облыста өсті. Атап айтқанда, Ақмола облысында баға 0,2%-ға, ал Атырау, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 0,1%-ға артты. Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Жамбыл облыстарында баға деңгейі тұрақты сақталды.

Бағаның төмендеуі 12 өңірде тіркелді. Ең жоғары төмендеу Қызылорда облысында (0,9%) байқалды. Сондай-ақ Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай және Түркістан облыстарында баға 0,3%-ға, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 0,2%-ға, ал Шымкент қаласы, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында 0,1%-ға төмендеген.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында «KTZ Express» АҚ арқылы шамамен 28,9 мың тонна картоп, 8,6 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 200 тонна қырыққабат жеткізілген. Сонымен қатар ведомство қызанақ, қияр, жұмыртқа, күнбағыс майы мен сиыр еті бағасын тұрақтандыруға бағытталған меморандумдар өз күшінде екенін хабарлады.

Елімізде бірінші тоқсан қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны 3 есе төмендеген. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова нарықтағы оң өзгерістерді жылыжай шаруашылықтарын қолдау бағдарламасының әсерімен байланыстырды.

Көп оқылғандар