Қаржы

Қазақстанда мемлекеттік аудиттің жаңа моделі енгізіледі

Сурет: istockphoto.com

Қаржы министрлігі 2030 жылға дейінгі ішкі мемлекеттік аудитті дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжат мемлекеттік қаржыны бақылау тәсілдерін жаңғыртып, тәуекелдердің алдын алуға және цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға бағытталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа модельде тек анықталған заңбұзушылықтарды тіркеуге емес, тәуекелдерді алдын ала анықтап, олардың жолын кесуге баса назар аударылады. Осы мақсатта тәуекелге бағдарланған тәсіл, деректерді талдау және цифрлық құралдар кеңінен енгізіледі.

Жаңа тәсілдің алғашқы нәтижелері 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында байқалды. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аудиторлық іс-шаралар саны 7 пайызға азайған. Алайда осы кезеңде анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 76 пайызға артқан. Сонымен бірге аудит жүргізбей-ақ алдын алу шаралары қабылданған бюджет қаражатының көлемі екі еседен астам өсті. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш 200 млрд теңгеден 500 млрд теңгеге дейін жетті.

Бұл мемлекеттік аудиттің біртіндеп «интеллектуалды аудит» моделіне көшіп жатқанын көрсетеді. Яғни бақылау шараларының санын көбейтпей, тәуекелдерді деректер арқылы дәлірек анықтауға басымдық беріліп отыр.

2030 жылға дейінгі тұжырымдаманың негізгі мақсаты – мемлекеттік қаржының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару сапасын арттыру және бюджеттік процестердің ашықтығын күшейту. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, қазіргі жағдайда мемлекеттік аудит тек бақылау жүргізумен шектелмеуге тиіс.

«Мемлекеттік аудиттің болашағы – технологияларда, сапалы деректерде және құқық бұзушылықтардың алдын алып жатыр. Біздің міндетіміз – мемлекеттік ресурстардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және қоғамның мемлекеттік қаржыны басқару жүйесіне деген сенімін арттыру», деді министр.

Жаңа тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде ішкі мемлекеттік аудит жүйесін халықаралық озық тәжірибелерге сәйкестендіру және оны заманауи цифрлық құралдармен күшейту көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, Астанада Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі халықаралық форумның (IPAF) X мерейтойлық саммиті өтіп жатыр. Саммитте Еуропа мен Азияның 19 елінен делегаттар қаржы нарығын реттеу, проблемалық активтерді басқару мәселері жөнінде тәжірибелерін ұсынады.

Көп оқылғандар