Categories Қаржы

Қазақстанда кондитерлік өнімдерді таңбалау бойынша пилоттық жоба басталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанда 2026 жылғы 1 маусымнан бастап кондитерлік өнімдерді таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жоба 2027 жылғы 1 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл елдегі тауарлардың цифрлық қадағалануын қамтамасыз ету саясаты аясындағы кезекті қадам. Оның мақсаты – нарықты контрафактілік өнімдерден қорғау және жеткізу тізбектерінің ашықтығын арттыру.

Жобаға саладағы жетекші компаниялар қосылды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, «Баян Сұлу» мен «Рахат» отандық кондитерлік өнім өндірісінің шамамен 50%-ын, ал импортты қоса есептегенде жалпы нарықтың шамамен 30%-ын қамтиды. Бұл пилоттық жобаның репрезентативті болуына және негізгі ойыншылардың қатысуына мүмкіндік береді.

ЕАЭО келісіміне сәйкес, таңбалауға кондитерлік өнімдердің негізгі санаттары жатады: қантты кондитерлік өнімдер, шоколад және шоколад өнімдері, печенье, вафли, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, мармелад, джемдер, жеміс және жаңғақ пасталары, сондай-ақ өнімнің басқа да түрлері.

Пилоттық кезең техникалық және ұйымдастырушылық тәуекелдерді анықтауға, бизнес-процестерді жетілдіру қажеттілігін бағалауға және нормативтік базаны жақсарту бойынша ұсыныстар қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылар таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінің функционалын тегін сынақтан өткізе алады, таңбалау құралын өндірістік және логистикалық процестермен интеграциялауды пысықтайды, сондай-ақ өнімге кодтарды түсірудің түрлі тәсілдерін сынап көреді.

Цифрлық таңбалау тұтынушыларды контрафактілік және заңсыз өнімдерден қорғауға, жеткізілімдердің ашықтығын арттыруға, адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге және саланың дамуына жағдай жасауға бағытталған. Міндетті таңбалауды енгізу туралы шешім пилоттық жобаның қорытындысы бойынша, оның нәтижелері мен нарық қатысушыларының ұсыныстары ескеріле отырып қабылданады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда міндетті таңбалау аяқ киімге, темекі өнімдеріне, дәрілік заттарға, сыраға, мотор майына және киік мүйіздеріне қатысты қолданылады. Биылғы қыркүйекте биологиялық белсенді қоспаларды, ал желтоқсанда жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу жоспарланған. Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған газды және ағаш материалдарын таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды. Сонымен қатар өсімдік майын, тұрмыстық химия тауарлары мен косметиканы таңбалау сынақтан өтуде.

Пилоттық жобаға қосылу үшін өндірушілер, импорттаушылар және тауар айналымының басқа да қатысушылары Бірыңғай тауарларды таңбалау мен қадағалау операторына info@digitaleconomy.kz электрондық мекенжайы арқылы өтінім жолдауы қажет.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда ломбардтардың табысы рекордтық деңгейге жетті

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы ломбардтардың жиынтық таза табысы 54,7 млрд теңге болып, өткен жылмен…

Жыл басынан бері Қазақстанда 80 мыңға жуық көлік шығарылды

2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда 78 580 бірлік автокөлік техникасы өндірілген. Бұл туралы Ұлттық статистика…

Brent маркалы мұнай бағасы 0,7%-ға өсіп, барреліне 72 доллардан асты

Brent маркалы мұнай бағасы 0,7%-ға өсіп, барреліне 72 доллардан жоғары саудаланып жатыр. Әлемдік мұнай нарығында…